Елшиева Альбина Балғабайқызы, Шымкент қалалық мәслихат депутаты: Көбей қазақ,  көбей!

Қазақстан халқы 20 миллионға жетуге жақындады деген қуанышты хабар шынымен жаныңды жадыратады екен. Бұл жетуге жақындады деген хабар, ал, жетіп, артыпты деген хабарға халық бөркін аспанға лақтырары сөзсіз. Оның үстіне жалпы халық санында қазақтардың үлесі де артып келеді.
Халық санының артуы Қазақстанның маңызды мәселелердің бірі болып келеді. Өйткені, Қазақстанның жер аумағы өте үлкен. Әлем бойынша тоғызыншы орында тұр. 20 ғасырда Қазақстандағы халық өспеді, керісінше азайды. Оған түрлі тарихи жағдайлар себеп.

Иә, адам баласының ұзақ тарихы күрестер мен арпалысқа толы. Бір халық мәдениеті дамып, саны артып, құрылымы мықты мемлекет құрып, тарихтан өз орнын ойып тұрып алса, бір халық басқа халықтың шылауында кетіп, ақыр соңы жойылып тынды. Ол тарихтан белгілі. Тіпті, қазіргі жаһандану заманында да жойылудың аз-ақ алдында тұрған елдер баршылық. Сондықтан қазақ халқының санының артуы ең жағымды жаңалық. Жар салатын жаңалық. Себебі, еліміз қазақ халқы санының артып, өзгелермен терезесі тең болуды ұлттық мұрат санаған. Еліміздің мығым болуы бірлік пен санының артуына байланысты. Бос жатқан жерімізді игеріп, өзімізге тән нарығымызды қалыптастыратын халық саны болғанда ғана іргесі шайқалмайтын ұлттық мемлекет болып, өркендей береміз.
Жалпы, қазақ халқы баласының көптігін айтпайды ғой. Ал қазіргі заманда бұны айту және аз болса намыстанатын күнге жетуіміз мемлекеттің де, сол мемлекетті құрап отырған біздің де басты мақсатымыз бен көздейтін нысанамыз болуға тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана қазақтың қарасы көбейіп, дүбірі даланы сілкіндіретін болады. Көбей қазақ, ел болашағы үшін!