Ел амандығы, жұрт тыныштығы қымбат

Қасіретті қаңтар оқиғасына бір жылға жуық уақыт болды. Қантөгіс кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды бақылауға алды. Мемлекеттіліктің жойылуы және билікті басып алу қаупінің алдын алды. Мемлекет басшысының мемориалды ашуының символдық мәні бар, өйткені ол батылдық пен табандылық танытып, қылмыскерлерге біздің елімізде хаос тудыруға мүмкіндік бермеді. Алматыны құтқарды, Қазақстанның егемендігін сақтап қалды.

Алматы — қаңтар оқиғасында ең қатты жапа шегіп шығынға батқан шаһар. Алып қаланың тас — талқаны шықты. Бүлінген дүние-мүлік, қираған нысандар бірте-бірте қалпына келтіріліп жатыр.

Сол дүрбелеңнің ошағына айналған Республика алаңында «Тазғым» мемориалы бой көтерді. Ал өмірі қиылған жандар қайтып келмейтінін ұмытпай, осы оқиғадан сабақ алуымыз керек дейді Президент. Құрбандардың қатарында қаңғыған оқтан кездейсоқ мерт болған бейбіт тұрғындар көп.

— Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев егемендігімізге қатер төнген сындарлы шақта ұлт болып ұйыса білгеніміз — бірліктің арқасы деді. Мемлекет басшысы енді тұтас ел болып жаңғыру және жаңару жолына аяқ бастық деді. Жаңа парақтан басталатын Қазақстанның дамуына бар күш-жігерімді жұмсап, халқымыздың амандығын сақтауда аянып қалмаймын дейді Президент.

— Жыл басынан бері қысқа мерзім ішінде біраз іс атқарылды. Біз жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституциямызды қабылдадық. Қазір алдымызда ауқымды әрі күрделі жұмыс тұр. Әрине, бұл тек басы ғана, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Бірақ біздің басты мақсатымыз баршаға айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру және бәріне бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдар қымбатшылыққа қарсы шыққандар мен қарулы қақтығысқа қатысқандардың ара-жігін ажыратқанын жеткізді. Мемлекетте төңкеріс жасап, қантөгісті ұйымдастырғандар тиісті жазасын алатынын тілге тиек етті. Ал жалған ұранның жетегіне еріп ауыр қылмысқа бармаған азаматтарға президенттің жарлығымен рақымшылық жасалған болатын.

Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ.

Насиба АТАЕВА,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты