Аяғы ауыр әйелдерге арнайы емхана қызмет көрсетеді

емхана

Шымкентте қалалық перинаталдық орталықта «Бір күндік клиника» жобасы іске қосылды. Енді жүктілікті жоспарлап жүрген аналар алдын-ала анализ тапсырып, денсаулығын тегін тексерте алады. Жобаның артықшылығы: болашақ аналар сәбидің саулығын бақылау үшін айлап, апталап медициналық зерттеудің талдауын күтпейді. «Бір күндік клиника» барлық талдаудың нәтижесін 30-40 минутта анықтап береді.

Емхананың ашылуына денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері – ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мен ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шакизат Халықова арнайы келді.Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек министрлік өкілдеріне алғысын білдіріп, жобаның жемісті болатынын атап өтті.Шымкентте бала туу көрсеткіші жыл санап көтеріліп келеді. Сол себепті шырайлы қала жаңа перинаталды орталыққа мұқтаж.
– Республика бойынша балалардың 40,6% -ы, яғни жартысына жуығы Шымкентте тұрады. Былтыр қалада 30 мыңнан аса жүкті әйел тіркеліп, 31 мыңдай сәби дүниеге келген. Шымкентте әр 15 минут сайын 1 бала өмір есігін ашады. Міне, осы тұрғыдан келгенде қаламызда пилоттық жоба аясында емхананың ашылуы біз үшін аса маңызды, – деді Сәрсен Абайұлы.
Орталық дәрігерлері мен өзге өңірлерден келген мамандар жобаның іске асырылу тетіктері мен маңыздылығын сөз етті.
– Жүкті әйелдерге 11 мен 13 аптасының 6 күніне дейінгі мерзімде учаскелік дәрігерден тексеріске жолдама беріледі. Сосын орталыққа келіп, перинаталдық диагностиканы жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи сапалы жабдықтар көмегімен тексеруден өтеді. Ұрықтың генетикалық ауруларының биохимиялық маркерлерін бағалау үшін веноздық қан тапсырады. Зерттеу нәтижелерін анықтайтын және оны әрі қарай жалғастыру жолдарын бағалайтын акушер-гинекологтың кеңесін алады. Қажет болған жағдайда медициналық генетик кеңесі беріледі,– дейді дәрігер-генетик Гүлжан Сихымбайқызы.

Айта кету керек, барлық диагностикалық процедуралар МӘМС-тің қаржыландыруы аясында толығымен тегін және учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша қабылданады.