Өрт сөндіру қызметінің өжет қызы

-Өрт сөндіру қызметі, қандай көмегіміз қажет,-деп нәзік даусымен қоңыраудың арғы жағындағы қиын жағдайға тап болған  жандардың  үмітіне айналатын жауапты маман иелері- «101» қызметінің сүйкімді диспетчерлері.

Осындай нәзік жандылар Шымкент қаласының   өрт сөндіру   қызметінде де қызмет атқарып жүр. Олардың әрбір секунты санаулы, хабарламаны қабылдай сала мекенжайы мен болған жағдайды бұлжытпай жеткізіп, күштер мен құралдарды тиісті орынға жөнелтетін, одан әрі де өрт сөндірушілерге қолдау көрсетіп, жақын жолды, керек су көзін айтып отыратын, басқада қажетті қызметтерді қоса жіберетін, орын алған өртті ауыздықтағанша бірге болып, адам өмірі мен оның материалдық құндылықтарын құтқаруда тікелей үлес қосатын диспетчер қыздарымыздың бұл салада орны ерекше. Көбісі  тәжірибелі, арасындағы жас мамандары да талай іске төтеп беретін бұл бөлімнің қыздары бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін әйелге тән қайсарлық пен нәзіктік қасиеттерге ие екендігін өздерінің қиында, жауапты қызметінде де, отбасында да дәлелдей білген.

Осындай жас мамандардың бірі — Дина Арысбайқызы Бөтембай.  Қызмет атқарып жүргені небәрі 6 жыл болғанымен өзінің белсенділігімен көзге түскен  ару бойжеткен. Салмақты, сабырлы мінезімен үлкендерден үйренуден жалыққан емес.

Дина Арысбайқызы  2012 жылы жалпы орта мектепті аяқтаған соң  М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Ол оқу орнын 2016 жылы «инженер-жобалаушы» мамандығы бойынша аяқтап шығады. Ал 2017 жылы өрт сөндіру қызметіне қызметке орналасады. Ең алғашқы қызметтік жолын Ордабасы ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі лауазымынан бастайды. Одан әрі Шымкент қаласындағы №7 өрт сөндіру бөліміне ауысады. Өзінің белсенділігі және  тиянақтылығымен көзге түскен ол 2020 жылы  күштер мен құралдарды жедел-басқару орталығының диспетчері лауазымына тағайындалады. Яғни жауапкершілігі жоғары, қандай төтенше жағдай болмасын бірінші хабар келіп түсетін орталықта қызмет етеді. Бұл дегеніміз Дина Арысбайқызының болашақта  көп үміт артар жастардың бірі екендігін аңғартады.

Біз өз кезегімізде жас маманға еліміздің игілігі жолында қызмет етуде тек сәттіліктер тілейміз!

А. Саипов 

Қызмет бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі азаматтық қорғау подполковнигі