Жазғы мектептердің жұмысына қатысты сұрақтарға «желіге шолу» айдарында жауап берілді

Министрліктің TikTok желісіндегі bilim_gylym парақшасында оқырмандардың тарапынан жазғы мектептердің жұмысына қатысты сұрақтары бар екенін байқадық. Осыған байланысты «Желіге шолу» айдарында ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова жазғы мектептердің жұмысы қалай ұйымдастырылатыны жайында түсіндіріп берді. Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларына жазғы мектептерде білімдерін жетілдіруге кеңес береді.

Мәселен, Bagdat091 есімімен тіркелген желі қолданушысы «Жазғы мектеп не үшін керек? Неше күн болады?»,-деген сұрақ қалдырыпты.

Гүлмира Раинбекқызы биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын айтты. Министр тиісті бұйрыққа қол қойды. 26 мамырдан бастап 9, 11-сынып оқушылары емтихандарын тапсырады. Ал, қалған сынып оқушылары үшін 17 маусымға дейін жалғасатын жазғы мектеп ұйымдастырылады.

«Жазғы мектеп – біліміңізді жетілдіріп, олқылықтарды толтыруға тамаша мүмкіндік. Пандемия оқу үдерісіне жақсы әсер етпегенін және мектеп оқушыларының кей тақырыптарды толық меңгермегенін жақсы білеміз. Басқа елдерде бұл мәселені шешу үшін оқу жылын ұзартады. Ал біз оқу жылын ұзартпай, жазғы мектеп ұйымдастырдық. Біз барлық оқушыларға жазғы мектептен қалмауға кеңес береміз»,- деді Гүлмира Кәрімова.

Жазғы мектептерде сабақтар әдеттегі форматта өтпейді. Икемді оқу кестесі ұйымдастырылады, сабақтар мұражайларға және экскурсияларға бару түрінде де өтеді.

«Бұл ретте жазғы мектепте оқушыларға баға қойылмайтынын, сонымен қатар үй тапсырмасы берілмейтінін атап кеткен жөн. Жазғы уақыттағы оқу мүмкіндігінше қызықты әрі мазмұнды өту үшін барлық жағдай жасалады. Кейбір балалардың репетиторлармен ақылы курстарға барып, қосымша білім алатынын білеміз. Осы орайда жазғы мектеп біліміңізді шыңдап, олқылықтың орнын толтыруға да тамаша мүмкіндік. Оның үстіне мұғалімдер өз оқушыларының күшті және әлсіз жақтарын жақсы біледі»,- дейді Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы.

Жазғы мектеп барлығына ұйымдастырылады. Бірақ, түрлі жағдайларға байланысты жазғы мектепке қатысты соңғы шешімді ата-аналар мен мектеп оқушылары өздері қабылдайды.

«Бірақ бұл жерде бірінші кезекте баланың мүддесін, оның болашағын ойлау керек. Сондықтан, түпкілікті шешім ата-ананың қолында екеніне қарамастан, біз өз тарапымыздан жазғы мектепке баруға кеңес береміз, өйткені бұл, ең алдымен, балаларға қажет»,- деді Гүлмира Кәрімова.  

ҚР Бiлiм және ғылым министрлігі Баспасөз орталығы