Жамбыл облысында көші-қон қызметкерлері көп жылдар бойы құжат мәселесін шеше алмай жүрген азаматтарға көмек көрсетті.
1957 жылы Қырғыз Республикасында туған Фатима Акопян 1993 жылдан бері Қазақстанда тұрады. Қазақстан азаматына тұрмысқа шығып, 7 баланы өмірге әкелген ана тарихи және құжаттық қиындықтарға байланысты 33 жыл «азаматтығы жоқ тұлға» мәртебесінде болған.
Полицияға жүгінгеннен кейін қызметкерлер оның құқықтық мәртебесін тексеріп, Қырғыз елінен жеке басына қажетті құжаттарды сұратып, жинап, рәсімдеуге жәрдемдесті.
Сол сияқты дәл осындай мәселемен тұрғын Гульназира Гайнетдинова да жүгінді. 1986 жылы Ресейден Қазақстанға көшіп келген азаматша 40 жыл бойы азаматтық алу барысында көп қиындықтарға тап болған. Полиция қызметкерлері Ресей мемлекетіне сұрау салып, азаматтығы бар-жоғын растай отырып, заң аясында жедел түрде құжаттарын рәсімдеп берді.
— Әр азаматтың құжат мәселесі заң тұрғысында қаралады. Біз әрдайым тиісті көмек көрсетуге тырысамыз, — деді Тараз қаласы ПБ көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы Шолпан Аширбаева.
Нәтижесінде екі азаматша да жеке куәліктерін рәсімдеп, барлық құжаттарын қолдарына алды.
Тұрғындар полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен қолдауын ерекше атап өтіп, шынайы алғыстарын білдірді.
— Азаматтық алу мәселесі көп жылдан бері шешілмей келген еді. Полиция қызметкерлері бәрін заң жүзінде қарап, қысқа мерзімде нақты көмек көрсетті. Шын жүректен алғыс айтамыз, — деді олар.
Аталған жағдай — полиция тек қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап қана қоймай, азаматтардың құжаттық және құқықтық мәселелерін шешуге де белсенді көмектесетінін көрсетеді.
Жамбыл облысы ПД
