Алаяқтықпен айналысқан бойжеткен қамауға алынды

Алаяқтық қылмысының 15 жайтына қатысы бар бойжеткен қамауға алынды, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан қаласының полиция басқармасына жергілікті тұрғынның тарапынан арыз келіп түсті. Жәбірленуші ер адамның мәліметіне сүйенетін болсақ, оның әйелін таныс емес жас қыз алдап кеткен. Яғни ол қыз, 2021 жылы аукцион арқылы қомақты ақша шығарып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 800 мың теңге қаражат алған. Алайда, арадан 1 жыл уақыт өтсе де, сенген адамы не уәдесін орындамаған, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша  тіркелді.

Сонымен қатар, тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Полиция қызметкерлерінің жедел түрде әрекет етуі мен қырағылықтарының нәтижесінде күдікті бойжеткен тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз, Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, бойжеткен оңай жолмен ақша табу мақсатында, аукционнан қомақты ақша шығарып беремін деп тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің бұдан бөлек жалпы  15 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі 4 миллион теңгеге жуық. Бойжеткен қыз қаражатты өзінің жеке басының қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда жас қыз қамауға алынып,  тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, түркістандық тәртіп сақшылары тұрғындарды бейтаныс адамдарға сенім білдіру алдында сақ болуға және қомақты қаржыны өзгенің уысына ұстатудан алдын мән-жай мен толық ақпарат біліп алуға шақырады. Сонымен  қатар, алаяқтық, алдап-арбау әрекеттерінің арты заңмен қаралып, жазаланатынын қатаң түрде ескертеді. Егер де осындай жайттардың күәі болсаңыз полицияның «102» байланыс телефон нөміріне хабарласыңыздар!