Жамбыл облысында 211 лауазымды тұлға жолдарды қанағаттанарлықсыз күйде ұстағаны үшін жауапкершілікке тартылды

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдың 10 айында облыстың автомобиль жолдарына 1684 тексеру жүргізілді, тексеру барысында 11713 ақау анықталды.

Тексеру нәтижелері бойынша жол  мекемелерінің басшыларына 1684 нұсқама берілді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстауға қатысты кемшіліктер бойынша 323 ақпарат жолданды.

Сондай-ақ, теміржол өткелдеріне тексеру жүргізілді, бұл ретте оларды күтіп-ұстауда 185 ақау анықталды, өткелдерге қызмет көрсететін мекемелердің басшыларына оларды жою үшін 71 нұсқама берілді.

Берілген ұйғарымдар бойынша облыстың автожолдарында  3185 жол белгілері орнатылды, 6802 км астам жол белгілері салынды, 154 мың 541 шаршы метр автожолдардағы шұңқырларға жөндеу  жұмыстары жүргізілді, 53 жол буфері ауыстырылды, 1660 сигнал бағаналары мен 8515 жарық шағылдыратын катафоттар орнатылды, 7900 метр қисық сызықты брус қалпына келтірілді және басқа да жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 211 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабының 1-бөлігі бойынша жолдарда жұмыс жүргізу, жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 129 лауазымды адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тағы 1 лауазымды тұлғаға қатысты осыған ұқсас құқық бұзушылық  жасағаны  салдарынан  жол-көлік оқиғасын (ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 2-бөлігі) жасауға әкеп соққаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да құрылыстарды немесе жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын зақымдағаны үшін (ҚР ӘҚБтК — нің 630-бабы 1-бөлігі) 79 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді Жамбыл облысының ПД ӘПБ бастығы полиция подполковнигі Жайдарбек Құттыбаев.

Сонымен қатар, Тараз қаласының Полиция басқармасы мен Меркі ауданының полиция бөлімі берген нұсқамаларды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша, «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Меркі ауданының  Тұрар Рысқұлов ауылдық округінің әкімдігі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ЖО ПД баспасөз қызметі