Жамбыл облысында 50 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 15-19 ақпаны аралығында Жамбыл облысында «Мигрант»жедел- алдын алу іс-шарасы өтуде. Алдын алу іс-шарасын өткізудің негізгі мақсаты- ұзақ уақыт облыс аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарын, сондай-ақ жол жүру билеттерін сатып алуда қаржылық қиындықтарға тап болған шетел азаматтарын анықтау.
«Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілген үш күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 50 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Тараз қаласындағы аудандардың бірінде Өзбекстан Республикасының 35 азаматы ұсталып, Қазақстан Республикасында жұмысқа орналасуға рұқсат алмай еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шетелдік азаматтардың келуі туралы полиция органдарын уақтылы хабардар етпегені үшін 45 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес, қабылдаушы тұлғалар өздеріне келетін көшіп келушілер туралы ішкі істер органдарына олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.