Түркістанда өзгенің атынан онлайн несие алған ер азамат құрықталды

Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу шағын несие беру ұйымы мен банктердің бірінен онлайн несие алып, 450 000 теңгеден астам шығын келтірген. 2 айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Түлкібас АПБ полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны Түлкібас ауданы көшелерінің бірінде жүрген жерінен ұстады. Алаяқтық жасаған орта жастағы ер азамат жәбірленушінің сырттай танысы болып шықты. Анықталғандай, күдікті азамат жәбірленушіге «Сенің атыңнан тауарлық несие шығарып бере аламын және оны зейнетақы қорындағы ақшаңмен төленетін етіп жасаймын» деп сендірген. Өз кезегінде тұрғын, алаяққа сенім білдіреді. Осы сәтте алаяқ жәбірленушінің атынан банкке сұраныс жіберіп, мақұлдау алған. Содан ұялы телефоныңа құпия сан барады соны айтып жіберсең деп, алдау арқылы шағымданушының есепшотына түскен ақшаны өзіне аударған. Қомақты қаражатты өз пайдасына жұмсап жібереді. Осы істі соңына жеткізіп, алаяқтық қылмысының ақ-қарасын ажыратып, нақты дәлелдерді табуда Түлкібас АПБ-ның тергеу бөлімшесінің қызметкерлері қарқынды қызмет атқаруда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді. Банктік кәртішкелеріңізбен жеке куәлігіңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар.

ТО ПД баспасөз қызметі