Түркістан облысының полицейлері тұрғынға 44 миллион теңгеден астам шығын келтірген күдікті ер адамды ұстады

Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, тұрғын үйіне бөгде адамның жасырын түрде терезе арқылы кіріп, жатын бөлмесінде тартпа ішінде тұрған бағалы алтын, бриллиант әшекей бұйымдары мен 1 миллион теңгеден астам ақшасын, «Nokia» маркалы ұялы телефонын жасырын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 44 миллион теңгеден астам. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды. Жетісайлық қырағы полицейлерден құралған жедел-тергеу тобы оқиға орнына барып, куәлардан жауап алды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Жетісай қаласының тұрғыны болып шықты. Бүгінгі таңда күдікті қамауда. Белгілі болғандай, күдікті ер азамат жәбірленушінің үйінде алтын бұйымдарының барын біліп, өзінің жеке бас пайдасы үшін жымқырған. Бүгінде қолды болған алтын, бриллиант әшекейлер өз иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде тәртіп сақшылары жеке мүлік пен тұрғын үйлерді қараусыз қалдырмауды, арнайы дабылқақыш қондырғылары мен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді. Сондай-ақ бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, шұғыл полицияға «102» телефонына хабарласыңыз.

ТО ПД баспасөз қызметі