Жануарларды энзоотиялық ауруларға қарсы залалсыздандыру толығымен жүргізілді

Бұл жұмыстар ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бұйрығымен 2022 жылы атқарылып, оған қоса, аса қауіпті 29 түрлі ауруға қарсы диагностикалық зерттеулер жүргізілген. Жыл басынан 149 мыңнан аса ірі қара және 159 мыңнан астам уақ малдан бруцеллез сынамасы алынып, 7 ірі қара мен 6 уақ малдың сынамасы оң нәтиже берді. Жануарлар талаптарға сай сойылып, иелеріне жалпы 1 млн 129 мың теңге көлемінде өтемақы төленді.

Оған қоса аусыл ауруына қарсы 152 мың сиырға, 202 мың қой-ешкіге, сібір жарасына қарсы 108 мың ірі қараға, 149 мың уақ малға, құтыру ауруына қарсы 120 мың итке, 17 мың мысыққа егу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, бұл жануарлар лептоспироз, патереллез, күл, қарасан, оба, брадзот ауруларына қарсы егіліп, туберкулез ауруына аллергиялық тексерілді.

Былтыр көктем және күзде, бекітілген жоспарға сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы 95 мыңнан астам ірі қара мал бүркілді, 88 мың уақ мал тоғытылды, 2 млн ш.м. жуық қора-жай мен оларға жапсарлас аумақтарға және 376 мың ш.м. буферлік аумаққа залалсыздандыру жұмыстары толығымен жүргізілді.