Жиынға өзекті мәселелер арқау болды

Жуырда Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының «Оңтүстік жолдары» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастауыш кәсіподақ ұйымында арнайы жиын өтті.

Іс шараға «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Кегенхан Атамкулов, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Тасболат Садибеков және кәсіподақ активі қатысты.

Отырыстың күн тәртібі аясында айлық жалақының уақытылы төленуі, еңбек қатынастары және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыру, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, еңбек шартын орындау, әлеуметтік шиеліністің және еңбек жанжалдарының туындауының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселелер талқыланды.

Бұдан бөлек кездесу барысында мекемедегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында техникалық инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктері түсіндіріліп, жиынға қатысушылар аталған тақырып бойынша өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.

Жиын соңы марапаттау рәсімімен жалғасып, өзінің біліктілігімен, еңбекқорлығымен танылып жүрген бірқатар белсенді кәсіподақ мүшелеріне медалдар мен құрмет грамоталары табысталды.