Жол сапасына аудан әкімдігі салғырт қарай ма әлде бай-бағландарға батылы жетпей ме?

Сайрам ауданына қарасты Ақбұлақ ауылындағы ағайынның шаң жұтып отырғанына 10 жылға жуықтаған деп жазады Ntime.kz.

Әсіресе соңғы 3 жылда бұл жағдай тіптен шиеленіскен. Себебі ауылдағы күре жолдан жүк көліктерінің толассыз жүйіткуі. Ауылда маңында  20 шақты карьер бар. Жүк көліктері сол карьерден тас қазып, өзге өңірлерге тасымалдайды. Салдарын тек ауыл тұрғындары тартып отыр. Кезінде зарыға күтіп салдырған асфальт жол бүгінде сау-тамтығы қалмаған шұрық тесікке айналды. Алайда бұған алаңдап отырған аудан билігі жоқ. Тұрғындардың айтуынша, кәсіпорынның қалталы басшыларына жергілікті биліктің де тісі батпайтын көрінеді. Бұл мәселені көтеріп, тұрғындар біраз есіктің табалдырығын тоздырған. Дегенмен, халық үніне ешкім құлақ аспады. Амалы таусылған азаматтар ақыры жетектесе жолды өздері жауып тастады. Аз ғана уақыт ішінде ауылдағы облыстың маңызы бар жолда ұзын сонар кептеліс орын алды. Мәселенің ақ-қарасын анықтауға аудан атқа мінерлері де жетті. Олардың сөзінше, биыл ауыл тұрғындарының бұл мәселесі оң шешімін табады-мыс. Дегенмен, тұрғындардың базынасы басқа. Олар ауыл ішімен жүк көліктері жүрмесін дейді. Немесе аймақ сыртына айналма жол салуды талап етуде. Егер бұл өтініштері орындалмаса жөнделген жол қайта жарамсыз қалатынын жеткізді. Аудан билігі карьерлерді тексеруге құзырлы орган өкілдеріне хат жолдағанын айтады. Дегенмен, бұдан  нәтиже шықпаған. Сонда қызметтік хаттың еш қуаты болмаған ба? Әлде Сәдібековтың бақуатты азаматтарға әлі жетпеген бе? Бұл мәселені алдағы уақытта да зерделеп, назарларыңызға ұсынатын боламыз.