ЖОО-ның үздік түлектері мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындала алады   

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Өркен Балажанов айтты.

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке орналасуда артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет туралы заңға қажетті түзетулер енгізілді.

Атап айтсақ, біріншіден, мемлекеттік грантпен оқу орындарын үздік бітірген түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Екіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттырады. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.

Брифинг барысында Өркен Байділханұлы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау жұмыстарына тоқталып, анықталған құқық бұзушылықтарды айтты.

– Департаментпен 2022 жылы мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталуына қатысты 54 бақылау іс-шара жүргізіліп, нәтижесінде, 1846 бұзушылық анықталған. Бұзушылықтардың басым бөлігі лауазымдық өкілеттіктерін нұсқаулықтарды жасау және бекіту тәртібін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік тізімдерін рәсімдеу, сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерінің бос лауазымдарына конкурс өткізу қағидаларын бұзу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтерін бағалауды жүргізуді қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларын сақтамау және мемлекеттік қызметшілерге қызметтік іссапарлар шығыстары өтелу талаптарын сақтауды қамтамасыз ету деректері бойынша орын алған. Тексеру нәтижесімен мемлекеттік органдарға 34 ұйғарым енгізіліп, 15 тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — деді ол.

Спикердің сөзінше, 2022 жылы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралған тәртіптік істер алдыңғы жылмен салыстырғанда 34%-ға азайған. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын бұзу деректері азайған.

Сонымен қатар, департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына 33 бақылау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, 2511 бұзушылық анықталса, оның ішінде 1121-і жергілікті атқарушы органдарға қатысты. Осы ретте департаменттің ұсынысымен мемлекеттік органдардың 47 қызметкері әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі