Кентауда мемлекеттік қолдаумен мал бордақылау алаңдары артып келеді

Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылының тұрғыны Мұхит Жанегізов «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен жеке шаруашылығын ашқан. Ол 6 миллион теңге несие алып, он алты жылқы сатып алған. Алдағы уақытта мал санын көбейтіп, ет бордақылауды қолға алмақ. Бүгінде шаруашылығының көлемі ұлғайып, етке тапсырыс көбейген.

Дәл осындай кәсіп түрін қолға алған ауыл тұрғыны Іңкәрбек Қасымбеков. Шаруа иесі мемлекеттен 5 млн теңге несие алып, оған 14 бас жылқы сатып алған. Жиырма жылдан бері екі-үш малды бордақылап, ет өңдеумен айналысып келген. Қазіргі таңда жылқы басын көбейтіп отыр.

Бүгінде екі шаруаның ісі отбасылық кәсіпке айналған. Олар кәсіп көлемінің ұлғаюына байланысты ет өнімдерін Кентау қаласынан бөлек, Шымкент, Алматы қалаларына жіберуді қолға алған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі