Кентаулық тұрғын үй ауласында балық өсіріп, бау-бақшасынан мол өнім алып отыр

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Мырза» шаруақожалығында жеміс-жидектердің ерекше сұрыптары өсіп тұр.

Шаруақожалық иесі Ануар Мырзаев 25 жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысып келеді. Өзінің мамандығы — агроном. Бау-бақшада алманың 20 түрі, өріктің 10 түрі, шабдалының 12 түрі, алмұрттың 6 түрі, черешняның 2 түрі, қара өріктің 5 түрі, жүзімнің 5 түрі, анар жемістері отырғызылған. Көкөністен картоп, пияз өсіріп, барлығын сатылымға шығарады.

Сонымен қатар, раушан гүлінің бірнеше түрі мен шырша талдарының ерекше сұрыптары бар.

Жалпы, 8 гектарды алып жатқан шаруақожалықтың 1,5 гектарында балық шаруашылығы қолға алынған. Қазіргі таңда, көлшіктерге балықтың шабақтары жіберілген.

«Алдағы мақсатым — балық шаруашылығының маңайына демалыс аймақтар салу. Арнайы көшет талдарын егуге арналған жерімді кеңейту. Еңбек бар жерде береке болады. Әр адам өз ауласын бақшаға айналдырып, өнім алуға мүмкіндіктері бар. Мен тіпті кеңес беруге де әзірмін», — дейді шаруақожалық иесі.

Ерекше сұрыптағы жеміс-жидектердің көшеттерін Ануар Мырзаев арнайы өзі егіп, әзірлейді. Тіпті жан-жақтан сатып алуға ұсыныс білдірушілер көп. Шыққан өнімдерін Кентаудан бөлек, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Қарағанды, Астана қалаларына жібереді. Қарамағында бүгінгі таңда 25 ауыл тұрғыны жұмыс істейді.