Киім-кешек дүкеніне ұрлыққа түскен ер адам анықталды

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның балалар киім дүкеніне белгісіз біреу кіріп, киім-кешектерін ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 182 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел оқиға орнына келіп жетті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын көріп шықты. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті ер адам таңғы сағат 04:00 шамасында өзінің ойын жүзеге асырған. Ол дүкеннің есігін темірмен бұзып ашып, сатылымдағы жаңа киімдерді ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан бөтеннің мүлкінің жартысын сатып, ақшасын жаратқан. Ал қалғанын полиция қызметкерлері айғақты зат ретінде алып, иесіне қайтарып берді. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлықтың алдын алу үшін дүкендер мен тұрғын үйлерге, ғимараттарға арнайы бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді.

ТО ПД баспасөз қызметі