«Ұлттық киім» — ұлт болмысының көрінісін бейнелейді

Ұлттық киім

Республика бойынша Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында 18 Наурыз — «Ұлттық киім» күні деп аталды.

Ұлттық киімге арналған бұл күн халық рухының, ұлт болмысының көрінісін бейнелейтін ұлттық дизайнның көркемдігі мен қайталанбас өрнегіне тамсанып, бұл өнердегі бай мұраны зерттеп, одан шабыт алатын күн болады.

Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол — біздің ұлттық мәдениетіміз! Бағзы заманда аттың жалы — түйенің қомында көшпенді тірлік кешкен қазақ халқы күнделікті тұрмыста киетін киімге айрықша назар аударған. Қазақ халқының киiмi басқа ұлттардан өзгеше өзiндiк қасиетке толы. Мұның басты себебi қазақ халқының табиғат төсiнде өсiп, еркiн ғұмыр кешуімен байланысты. Өткен ғасырлардың өзінде-ақ киіміне қарап адамның ұлтын ғана емес, сонымен қатар оның қандай дінді ұстанатындығын, қала адамын ауыл тұрғынынан, бойжеткенді жас келіншектен айыруға болатын болған. Халқымыздың ұлттық киімдері — заманауи тарихпен қатар дамып, біте қайнасып келе жатқан асыл қазынамыз. Жер бетін мың түрлі әсем гүлдер қалай құлпыртса, сан түрлі киімдеріміз де қазақ даласына өзінше сән беріп келген.

Сондықтан, ұлттық киімді насихаттау жұмысын жалғастыра беруіміз керек. Өйткені, ұлттық абыройымызды сақтау деп — ұлттық дүниекөздерін, көне жәдігерлерімізді, соның ішінде ұлттық киіміміздің рәміздік эстетикалық символдарын сақтап, қолданыс аясын кеңейтіп, оның тәуелсіз қазақ елінің имиджін жасаудағы маңызды, ажырамас элементі ретінде көруіміз керек.