Жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайын жасау — еңбек өнімділігін арттырудың кепілі.
Осы ретте «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев пен Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов жұмыс кестесіне сәйкес кездесулерін «ЯНС» ЖШС-нің еңбек ұжымында жалғастырып, кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді.
«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткен кездесу барысында кәсіподақ өкілдері қатысушылармен еңбек ұжымындағы толғандыратын мәселелерді көтеріп, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдау мүмкіндіктерін саралады.
Сонымен қатар, төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев кәсіподақ мүшелеріне 2023 жыл — «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету жөніндегі мәселелерін тілге тиек етті.
Одан өзге жиында қатысушыларға кәсіподақтың рөлі мен мақсаты түсіндіріліп, пайдалы кеңестер берілді.
Жиын соңында қатысушылар аталмыш шаралардың жиі болып тұруын айтып, алған мағлұматтарына алғыстарын білдірді.