«Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 82 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Ағымдағы жылдың 24-27 мамыры  аралығында Жамбыл облысының аумағында заңсыз көші–қонға қарсы іс-қимылға бағытталған «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді деп хабарлайды Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.

Үш күн ішінде жамбылдық полицейлер Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 82 шетелдікті анықтады. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соттардың шешімі бойынша ТМД-ның 31 азаматы елден  шығарылды.

Шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін  6 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын тұлғалардың тіркеу ережелерін бұзғаны үшін — 123 Қазақстан Республикасының  азаматы, мемлекеттік шекарадан өту ережелерін бұзғаны үшін Қордай ауданында Қазақстан Республикасының азаматына қатысты 1 қылмыстық іс қозғалды.

— Полицейлер қолданыстағы заңнама аясында көші-қон ағынын реттеу бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдауда. Бұл мәселе облыстың ПД басшылығының ерекше бақылауында, — деп атап өтті  ПД  Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Тұрдалиев.