Полицейлер төленбеген 4 миллион теңге айыппұлы бар көлікті анықтады

Патрульдік полицейлер Түркістан облысы аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды өткізу барысында ірі көлемдегі төленбеген айыппұлы бар жеңіл көлікті анықтады.

Нақтырақ айтсақ, Ордабасы АПБ ЖПҚ патрульдік полициясының қызметкерлері «Қорғау-қауіпті жүргізуші» бағдарламасы арқылы Темірлан кенті көшелерінің бірінен «Volkswagen Polo» маркалы автокөлікті тоқтатты.

Тексеру кезінде жүргізушінің 4 миллион теңгеден астам сомаға бұрын салынған әкімшілік айыппұлдар бойынша төленбеген берешегі бары анықталды.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары автокөлікті айыптұраққа қойып, тиісті шаралар қабылдады. Сондай-ақ автокөлік иесіне айыппұлдарын уақтылы төлеу қажеттігі туралы түсіндірді.

Өз кезегінде полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол ережелерін сақтаудың және жолдарда мұқият болудың маңыздылығын ескертеді.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі