Сайлау қарсаңында 20 өңірде call орталық іске қосылды

Мәжіліс сайлауы қарсаңында қазақстандықтар өздерін дауыс берушілер тізімінен алдын ала тексере алады. Толығырақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов айтып берді.
«Алдымен бұқараны сайлау туралы хабардар ету мақсатында Egov.kz, E-өтініш порталында баннер жарияланды. Сонымен қатар сайлау туралы баннер eGov mobile, kaspi.kz және halyk bank мобильді қосымшаларында қойылды. Одан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталықтарында да сайлау туралы хабар беретін баннер ілінді. Біздің министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 20 өңірде Call орталық ұйымдастырды. Алматы қаласы және Қостанай облысы бойынша орталық нөмірі «1315», ал қалған өңірлер бойынша «109» нөміріне хабарласуға болады», — деді Әсет Тұрысов Орталық сайлау комиссиясы отырысы барысында.
Вице-министрдің айтуынша, Call орталыққа хабарласып сайлауға қатысты туындаған сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі бар.
«Сонымен қатар дауыс берушілер ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) арқылы сайлау тізімінен өзін тексере алады. Ол үш сервис арқылы жүзеге асырылады, атап айтқанда sailau.gov.kz, sailau2023.gov.kz www.gov.kz sailau. Сол сияқты 6 наурызда Kcell, Beeline және Tele2 абоненттерін қолданушыларға жаппай push хабарлама жіберіледі. Ол жерде «Өз сайлау учаскеңізді біліңіз» деген мәтін болады және сілтеме көрсетіледі», — дейді ол.
Айта кетсек, бүгін ОСК кезекті отырысы өтті. Жиында белгілі болғандай саяси партиялардың сайлауалды дебаты 16 наурызда өтеді. Сондай-ақ, Мәжіліс сайлауына 12 млн-нан астам дауыс берушінің тіркелгені туралы хабарлаған едік. 26 ақпандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына 12 032 550 дауыс беруші тіркелген.