Саяси науқаннан ешкім тыс қалмауы керек

Кеше VII шақырылымда сайланған Парламент Мәжілісі мерзімінен бұрын таратылып, мәслихаттардың өкілеттігі тоқтатылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы кеңесте талқылап, Жарлыққа қол қойды. Енді 19 наурыз Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттар сайлауын белгілейді.

Президент өз мәлімдемесінде: «Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді.Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді. Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді», — деді.

Естеріңізде болса, референдум — реформалардың басты қозғаушы күшіне айналатынын айтқан едік. Ел Президенті мұны да атап өтіп, кезекті саяси дода — конституциялық реформаның жалғасы екенін айтты. Біз қоғам болып еліміздің саяси моделін қалыптастыру мақсатындағы өзгерістерге, Мемлекет басшысының ұсыныстарына қолдау жасадық. Жақында ҚР Президентінің сайлау науқанын өткізсек, бір жеті бұрын Сенат депутаттары сайланды.

Енді алдағы Мәжіліс сайлауы 70% партиялық, 30% мажоритарлық жүйе негізінде өтеді. Ал аудандық мәслихаттарды халық тікелей таңдайды. Бұл халықтың билікке араласуына, елге жақын азаматтардың яғни белсенді тұлғалардың мандатты иеленуіне үлкен мүмкіндік беріп, жаңа саясаткерлердің қалыптасуына жол ашады. Халық өз таңдауларын ашық білдіріп, тартысты бәсекеден тыс қалмауы керек.

Нұрмахан МӘУЛЕНОВ,
Арыс қалалық орталық ауруханасының дәрігер-хирургі,
Арыс қалалық мәслихатының VII шақырылымдағы депутаты