Сыбайлас жемқорлыққа қауқарлы күрес қажет

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін заңнамалық база құрылған. Атап айтқанда, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік органдармен лауазымды тұлғалардың әрекеттерінде тәртіпті күшейту, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту шаралары туралы» заңдар, сондай-ақ көлеңкелі экономика көлемін кішірейтуге, экономика саласында құқықбұзушылықтармен күреске бағытталған бірқатар бағдарламалар бар. Яғни, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, парасаттылық және ашықтық қағидаттарын енгізуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға байланысты кешенді алдын алу жұмысына баса назар аударылуда. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев мекеменің атқарған жұмыстарын қорытындылау барысында хабарлады.

«Бүгінгі таңда әлемде корпоративтік парасаттылықты қамтамасыз етудің негізгі құралы комплаенс институты болып табылады. Комплаенс мамандарының міндеттерінің бірі — құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғау болып табылады» — деді ол.

Сонымен қатар, Жандос Сағындықұлы сыбайлас жемқорлықтың  алдын алу жұмысының маңызды құрамдас бөлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелеріне тоқталды.

  • Бұл институт мемлекеттік органдардың ұйымдық-басқарушылық қызметіндегі және олар шығаратын құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді жоюдың нақты тетігіне айналды. Жыл басынан бері Департаментпен 2 мекеменің қызметінде сыртқы талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 56 ұсыным енгізілді.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін тұлғалар үшін заңнамалық түрде біржолғы ақшалай сыйақылар белгіленген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері өтініштері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге ықпал еткен 5 тұлға көтермеленді. Олардың сыйақы мөлшері 900 мың теңгеге көлеміндегі қаржыны құраған.

Сондай-ақ, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде тәулік бойы 1424 CaII-орталығының жұмыс істейтіндігін атап өтті. Лауазымды тұлғалар тарапынан ақша қаражатын бопсалау, жымқыру және өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат осы номерге тәулік бойы хабарласа алады. Мамандар хабарлама қабылдайды, кеңес береді және міндетті түрде Агенттік тарапынан тиісті шаралар қабылданатындығын атап өтті.