Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы таныстырылды

Сыбайлас жемқорлық қоғам дерті. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда көптеген әр түрлі  шаралар ұйымдастырылып жүзеге асырылып жатыр.

Ішкі істер министрлігінің Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының алғашқы кәсіптік оқыту курсының тыңдаушыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы таныстырылды. Кездесуге Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Бейсалиев, ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының оқу процесін ұйымдастыру, мониторингілеу және бақылау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ғазиз Қонысбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің өкілі Жазира Әлжанова және оқу орталығының жеке құрамы мен тыңдаушылары қатысты.                                                                                                      

Департамент өкілі өңірдің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген салалардан хабардар етті.  Атап айтқанда білім, денсаулық, жер, құрылыс, тұрғын үй, әлеуметтік қамтамасыз ету және тағы да басқа салаларға тоқталып, ондағы жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында жүргізілген сыртқы талдау және мониторинг жұмыстарымен таныстырды.                                                                                                                                           Сондай-ақ, қатысушыларға еліміздің 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы мен ондағы әрбір сала қызметкерлерінің рөлі жайында ақпарат берді.                                                                                                                                    Аталған қызметтің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Бейсалиев парасаттылық адам бойындағы ізгі қасиет екендігін айтып, қызметті абыроймен, адал атқаруға шақырды. Өзінің қызметтік іс-әрекеттегі тәжірибесімен бөлісіп, мамандықтан бұрын адалдықты биік ұстау қажеттігіне жас қызметкерлердің назарын аударды.                                                                   Кездесу соңында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің 1424 Call-орталығына хабарлауға немесе Департаментке (Қазыбек би,3) жүгінуге кеңес берді.