Сәкен Бибосынов Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Сәкен Бибосынов

Сәкен Бибосынов жолдама жеңіп алды. Бокстан Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан іріктеу кезеңінде Қазақстанның ерлер құрамасы 5 жолдама жеңіп алды. Солардың бірі Түркістан өңірінің спортшысы, ұлттық құрама көшбасшыларының бірі Сәкен Бибосыновқа бұйырды.

51 келіде бақ сынаған әлем чемпионы Сәкен Бибосынов ширек финалдық жекпе-жекте Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, ұлыбританиялық Киаран Макдональдты 4:0 есебімен жеңді.

Мырзағали Айтжановтың төл шәкірті бастапқы 2 раундта сенімді түрде 5:0 есебімен алға шықты. Ал шешуші раундта сәл босаңсып, соққылар жіберіп алғанымен, үш раунд нәтижесіндегі жеңісті есебін сақтап қалды. Жасындай жарқылдаған спортшы енді Париж Олимпиадасына алаңсыз дайындалады.

Айта кетейік, Италия төрінде Сәкенмен бірге Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Айбек Оралбай және Нұрбек Оралбай тапсырманы орындап, Париж Олимпиадасына жолдамаларын жеңіп алды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

қосымша ақпарат


Сәкен Исмадиярұлы Бибосынов (1997 жылы 3 шілдеде туған) — қазақстандық боксшы, аса жеңіл салмақта өнер көрсетеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында алтын жүлдеге ие болды.

2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында Сәкен жартылай финалға дейін жетіп, үнді боксшысы Амит Пангалға жол берді, осылайша әлем біріншілігінің қола медалін жеңіп алды.

2021 жылдың шілдесінде Сәкен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол Пуэрто-Рикодан, Франциядан және Испаниядан келген боксшыларды жеңді, бірақ жартылай финалда Ұлыбритания боксшысы Джалал Яфайдан жеңіліп, қола медаль жүлдегері атанды[1].