Таразда кафеде кальян шеккені үшін 38 тұрғынға айыппұл салынды

Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2023» және «Дәрмек» жедел- алдын алу іс-шарасы  шеңберінде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында мүдделі органдармен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралардың тұтас кешенін жүргізуде.

Облыс орталығында Тараз қаласысының Полиция басқармасы, 1,2 — полиция бөлімдері, прокуратура және Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер бірлесіп, ойын-сауық орындарында рейдтік тексеру шараларын  жүргізді.

43 ойын-сауық мекемесінде ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы (Қоғамдық орындарда темекі өнімдерін (кальян) тұтынуға тыйым салуды бұзу) бойынша 38 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Бұл баптың санкциясы 15 АЕК (51.750 теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаны көздейді.

Рейд барысында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салу туралы ақпараты бар парақшалар таратылды.

— Тараз қаласындағы кафе-барлардың әкімшіліктеріне ҚР ӘҚБтК-нің 422-бабы (Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өткізу және (немесе) медициналық емес тұтынудың жолын кесу шараларын қолданбау) бойынша әкімшілік жауапкершілік туралы ескертілді. Осы бап талаптарын бұзу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне- 150 мың теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 мың теңге мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. ҚР ҚК 299-1 бабы  (Есірткі құралдарын насихаттау және заңсыз жарнамалау) бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген, яғни үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады», — деп хабарлады Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы  полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.