Тараздық полицейлер мешіттің ішінде ұрлық жасаған тұрғынды ұстады

Полицияның «102» байланыс нөміріне Тараз қаласының екі тұрғынынан орталық мешітте кешкі намаз уақтында, сыртқы киімдер ілініп тұратын бөлмедегі күртешелердің бірінен 50 000 теңге және екінші күртешеден «iPhone 11» маркалы ұялы телефонының жоғалғандығы туралы хабарлама келіп түсті.

Тараз қалалық Полиция басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 33 жастағы Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол өзінің ұрлық әрекеттерін облыс орталығына арнайы келіп, үлкен мешітте көп адамның арасынан көзге түспеймін деген оймен жасағанын көрсетті.

Күдікті өз кінәсін толығымен мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігімен (ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Тараз қаласының Полиция басқармасы тұрғындардан қоғамдық орындарда (сауда орталықтары, мешіт, базар, қоғамдық көліктер) бағалы заттарын қараусыз қалдырмауды, сақтық шараларын естен шығармауды ескертеді.

ЖО ПД баспасөз қызметі