Теологтар тәжірибесін шыңдаған тағылымды тренинг

Қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Осы мақсатта Түркістан облысында теологтар мен ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелеріне арналған арнайы біліктілікті арттыру тренингі ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – дін саласында жұмыс атқаратын мамандардың білім деңгейін көтеру, заманауи діни үдерістерді саралау қабілеттерін дамыту және халықпен тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу дағдыларын жетілдіру. Тренинг барысында қатысушыларға діни ахуалды талдау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімді әдістері, қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту жолдары бойынша өзекті мәселелер түсіндірілді.

Тренингке облыстық дін істері басқармасының басшылығы мен қызметкерлері, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің қызметкерлері, қала және аудан әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің дін саласына жауапты мамандары, білім беру ұйымдарының психологтары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкілдігі қызметкерлері, БАҚ өкілдері және ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысты.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен келісімді нығайтуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ теологтар мен сала мамандарының кәсіби құзыреттілігін үнемі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Психолог маман Акмарал Сихымбайқызы Абдукеева көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, аудиториямен тиімді байланыс орнату және сенімді коммуникация қалыптастырудың психологиялық қырлары туралы баяндады.

«Otyrar TV» журналисі, диктор және тележүргізуші Мадина Ержанқызы Нариман ақпаратты сауатты жеткізу, шешендік өнердің ерекшеліктері, сөз саптау мәдениеті және медиамен тиімді жұмыс жүргізу бағытында тәжірибесімен бөлісті.

Ғалым, PhD докторы Ақбілек Пазылханқызы Мыңбаева пікірталас жүргізу әдебі, күрделі сұрақтарға кәсіби жауап беру әдістері және қазіргі қоғамдағы тиімді коммуникацияның маңыздылығы жөнінде сөз сөйледі.

Тренинг аясында қатысушылар интерактивті форматтағы тәжірибелік сабақтарға қатысып, кейстік тапсырмалар орындап, өзара тәжірибе алмасты. Практикалық жаттығулар арқылы халықпен жұмыс жүргізудің заманауи тәсілдері таныстырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді әдістері талқыланды.

Аталған оқу-тренингі өңірдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға, теологтар мен ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кәсіби әлеуетін нығайтуға және қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталды.

Түркістан облысы – рухани-мәдени тарихы терең аймақтардың бірі. Өңірде қоғамдық келісім мен конфессияаралық татулықты сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың рухани тәрбиесін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осындай оқыту шаралары мамандардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосады.