Тіркеусіз жұмыс істеген жеке кәсіпкерлерге 100 аек мөлшерінде айыппұл салынады

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Мейрамбек Көкенов мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, жеке кәсіпкерге тіркеусіз қызмет жасағаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, кірістерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда 300% мөлшерде айыппұл салынады. Түбіртек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Осы ретте жеке тұлғалар түбіртек бермеген немесе төлемді банк карталары мен QR-код арқылы қабылдамаған салық төлеушілеріне «Wipoon» қосымшасы арқылы мемлекеттік кірістер органдарына шағымдана алады. Шағымдар анықталып расталған жағдайда, әр расталған факт бойынша жеке тұлғаның телефон нөміріне 900 бірлік түседі.

-Жеке тұлғалар өздерінің мақсаттары үшін, таныстарына мобильді аударымдарды жасап, қабылдай алады. Мұндай аударымдар бір реттік болғандықтан, оны декларациялаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, жеке тұлғаның жеке банк шотына қатарынан үш ай iшiнде 100 және одан да көп әр түрлi тұлғалардан ақшалай қаражат түсетін болса, бұл кәсіпкерлік санат болып саналады. Бұл шаралар жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді, әсіресе жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы төлем алатындарды анықтауға бағытталған. Кәсіпкерлер төлемдерді арнайы бизнес шоттарына қабылдау керек. Бүгінде бақылау шараларына жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеу және кірістер бойынша толық есеп беру бақылауға алынып отыр. Жалпы камералдық бақылау салық төлеушілерге заң бұзушылықтарын өз бетінше жою мүмкіндігін беруге бағытталған. Осыған байланысты анықталған бұзушылықтар бойынша хабарлама жіберіледі. Салық төлеуші өзінің заң бұзушылықтарымен келісетін болса, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек немесе табыстың декларацияланбаған сомасын қосымша декларацияға көрсетіп ұсыну тиіс. Ал егер салық төлеуші өзінің заң бұзушылықтарымен келіспеген жағдайда түсініктеме жазып және оны растайтын құжаттарды беруге құқылы. Хабарлама орындалмаған жағдайда салықтық тексеру тағайындалады. Одан бөлек, банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың бар жоқтығы туралы нақты шешім қабылданады,- деді Мейрамбек Байқадамұлы.

Бұдан бөлек, брифингте басқарма басшысы декларацияның үшінші кезеңіне тоқталды. 2024 жылдан бастап 300 мыңға жуық заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 үлгідегі декларация тапсырады. Сонымен қатар, 2025 жылы қорытынды кезеңде азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық 18 жасқа толған ересек халқы тапсырады. Декларацияны тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде ұсынады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі