Түркістан облысында қаңтар оқиғасына қатысты брифинг өтті

Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов, осы аптада өткен брифингте: «Өздеріңізге белгілі, 2022 жыл басталған сәтте, елімізде қаңтар қақтығысы орын алды. Тұрғындардың бейбіт митингке шыққан іс-әрекетін, кейбір арам пиғылдылар пайдаланып, соңында елімізде бұрын болмаған жаппай тәртіпсіздік жасады. Десек те, өзге аумақтар да дүрбелең болып жатқан кезде, Түркістан облысының полицейлері өздерінің талаптарын айтып алаңға шыққан жиналған көпшілікті дер кезінде тоқтатып, қандай да бір орын алуы мүмкін бұзақылықтардың алдын алды. Жиналғандарды бейбіт түрде, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тарқатты. Төтенше жағдай жарияланған кезде, бірден барлық Түркістан облысына кіріп-шығатын аумақтарға блок-бекеттер қойылды. Түркістандық тәртіп сақшылар тәулік бойы күзетте тұрып, қақтығыс өршіген аймақтардан келушілерді тексерді. Және күдікті ретінде тексерілген тұрғындардан айғақты зат ретінде жаңа ұялы телефондар, киім-кешек пен бағалы заттар, қару, оқ-дәрілер тәркілеп алды. Жалпы Түркістан облысында қаңтар оқиғасына байланысты 17 қылмыстық іс қозғалған. Оның 9-ы Алматы қаласында орын алған түрлі қылмыстар. Қазіргі таңда аталған 9 қылмыстық іс 15 күдіктімен Алматы қаласына жолданған. Жоғарыда айтылған 17 қылмыстық іс бойынша 23 тұрғын анықталып, олардың 21-і сот санкциясымен қамауға алынды. Ал қалған 2-еуі қолхатта»-деп атап өтті. Нақтырақ айтсақ, ҚР ІІМ-нің қолжетімді полиция қағидатын қалыптастыру мен полицияның тұрғындармен кері байланыста болуы үшін берілген тапсырма аясында, бұл жолы «Қаңтар оқиғалары кезеңінде жасалған қылмыстарды тергеу барысы» туралы тікелей эфирде брифинг өткізілген болатын.

ТО ПД баспасөз қызметі