Шымкент қаласы Қаратау ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – «Тұран-1» шағынауданындағы кәріз жүйесінің құрылысы толық аяқталды. Бұған дейін түрлі себептермен тоқтап қалған нысан жұмыстары қайта жандандырылып, жоспарға сай жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне берілді.
Бұл жоба аудан халқы үшін аса қажетті болатын. Себебі, кәріз жүйесінің болмауы санитарлық талаптардың сақталмауына, тұрмыстық қолайсыздықтардың туындауына әкелген еді. Ал бүгінде орталық кәріз жүйесіне қосылған тұрғындар бұрынғыдай қиындық көрмей, тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды.
Құрылыс барысында қазу, құбыр тарту, құдық орнату сияқты негізгі жұмыстар толығымен орындалды. Жоба аясында заманауи материалдар қолданылып, инженерлік желілердің сапасы қатаң бақыланды. Қаратау ауданы әкімдігі мердігер мекеменің жұмысын үнемі қадағалап, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштерді назардан тыс қалдырмады.
Нәтижесінде «Тұран-1» шағынауданы толыққанды инженерлік инфрақұрылымға қол жеткізіп, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай едәуір жақсарды. Бұл өз кезегінде аумақтың экологиялық ахуалын көтеріп, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасына оң әсер етуде.
Жоба аяқталғаннан кейін жергілікті халық та ризашылығын білдіріп, аудан әкімдігіне алғыстарын жеткізді. Аудан әкімі Алмас Абаевтың айтуынша, мұндай ауқымды жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуы – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған негізгі қадамдардың бірі.Жоба алдағы уақытта шағынауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек. Сонымен қатар, мұндай жұмыстардың жалғасы өзге де елдімекендерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Бұл жобаның аяқталуы – Қаратау ауданында қолға алынған инфрақұрылымдық бағдарламалардың бір бөлігі ғана. Алдағы жылдары да осындай ауқымды жұмыстар жалғасып, жаңа тұрғын алаптарда инженерлік желілер жүйелі түрде жүргізілмек. Тазалық, қауіпсіздік және тұрғындардың жайлылығы – әкімдіктің басты назарындағы міндет болып қала бермек.