«Төлем» жүйесі» – озық платформалардың бірі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім саласындағы өзекті 20-тақырыптық бағытта еліміздің әрбір өңірінде республикалық тамыз кеңесін өткізу жоспарланған болатын. Білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі жиыны республика көлемінде биыл Шымкент қаласында өтті.

«Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен кеңесте әр өңірден келген білікті мамандар білім беруді цифрландыру бағытындағы үздік тәжірибелері, жетістіктері және еңбектерімен бөлісті. Кеңес жүмысының негізгі мақсаты – білім беруді цифрландыру,ұлттық білім берудегі деректер қоры, мектептегі интернет,білім берудегі оқыту ресурстары, ақпараттық-коммуникативтік технология, электронды оқулықтар, мультимәдениетті орта қалыптастыру және мемлекеттік қызметтегі автоматтандыру. Тамыз кеңесіне еліміздің өзге өңірлерінен 200-ге жуық цифрландыру бағытына жауапты мамандар келді.

Озық платформалардың бірі – «Төлем» жүйесі. Осы уақытқа дейін бір жарым миллионға жуық карта дайындаған жүйеде қала оқушыларының ақпараттар базасы жинақталған. Аталмыш компания бұл ақпараттарды ата-ананың бақылауы мен оқушы қауіпсіздігі үшін қолданып, үздік бағдарлама жасап шығарды.

–«Төлем» жүйесі Шымкентте үшінші жыл қолданылып келеді. Үш түрлі картамыз бар, яғни оқушыға, студентке, тұрғындарға арналған. Бұл карталармен автобус төлемақысына 65 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бүгінде «Төлем» жүйесі білім басқармасымен, ата-аналар кеңесімен ақылдасып, бірлесе отырып жұмыс ауқымын кеңейтті. Яғни бұл карталардың беретін мүмкіндігі мекетептердегі арнайы турникеттен өткен кезде ата-анаға хабарлама түсіп отырады. Сондай-ақ мектеп асханасында тегін тамақ алу мүмкіндігі, театр, музей, парктердің қызметтерін қолданғаны үшін де төлем жасай алады. Баланың не істеп, қайда төлем жасап, қай жерлерге барғанын ата-ана мобильді қосымша арқылы толық бақылауда ұстай алады,–дейді «Төлем» ЖШС- атқарушы директоры Сейдолла Исмаилов.                                                                                                                                    

Еске сала кетсек Шымкент қаласында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қоғамдық көліктерде «ТӨЛЕМ» электрондық төлемакы жүйесі іске қосылған. Жүйені енгізудің мақсаты — цифрлық шешімдер мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізу, қоғамдық көліктің қызметін жақсарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, қалалық бюджетке түсімдерді арттыру.