Тәрбие басы – тал бесік

Отандастарымыздың, жасы мен жастарымыздың қауіпсіздігі бүгінде басты мәселеге айналды. Өйткені телеарна мен әлеуметтік желіде күнделікті қаза болған жас балаларды айқайлатып көрсетіп жатады. Жастар арасындағы қылмыс, әлімжеттік, отбасыдағы зорлық-зомбылық – бүгінгі қоғамның жан ауыртар тұсы. Бұл мәселені бүгін келелі кеңесте ел Президенті де атап кетті.

«Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады», — деді.

Һакім Абай айтпақшы, «орта – бой түзейді, бой – ой түзейді». Баланың әуелгі ортасы – отбасысы, кейінгісі – мектебі, университеті, жолдастары. Міне, осы орталары тәуір болған бала жаман қылыққа, қылмысқа бара қоймас. Барлығына түбінде жауап берер – ата-ана. Демек, әрбір ата-ана өз ұрпағына қадағалау жасауы қажет деп ойлаймын.

Одан кейінгі мәселе – отбасыдағы зорлық-зомбылық. Баланың тәрбиесіне әсер етер осы жанұядағы жағдай. Бүгін Президент отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз екендігін айтты.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», деп нықтап айтты Мемлекет басшысы.

Балалар арасындағы қылмыстың жойылуы – отбасыдағы зорлық-зомбылықтың болмауынан басталды. Бұл ең бірінші ерлі-зайыптыларға байланысты. Қала берді қоғам, орта, құзырлы мекемелер бар. Осы ұядағы зомбылық жойылса, балалар арасындағы теріс әрекеттер тыйылмақ. Президент айтқан қауіпсіз қоғамды құруда баршамыз жауаптымыз.

Ақбаян Жақыпова,

«Түркістан облысының ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы