Тәртіп сақшылары қыз-келіншектерге құқықтық кеңес берді

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға  қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Сондықтан қоғам болып билік пен бірге зорлық-зомбылықтың алдын алуға ат салысуымыз қажет. Осы ретте қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Ағымдағы жылдың 25-қарашасы мен 10-желтоқсан аралығында республика аумағында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтуде.

Аталған іс-шараның мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту мен құқықтық тәрбиені насихаттау.

Абай ауданы Полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары «Көмек» орталығында қыз-келіншектерге құқықтық кеңес беріп, қолдау көрсетті. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар ұсынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.

Сонымен қатар әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау құрылымдарымен қызметін жақсарту және жетілдіру, ана мен баланы қорғауға қоғамдағы отбасы рөлін күшейту мақсатында Абай аудандық полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы полиция майоры Гулвира Бектемисова тұрғындарға жаднамалар тарқатты.

«Қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасамауға, ауыр қылмыстарға бейімділік танытпауға шақырамыз. Сондай-ақ, отбасындағы туындаған кикілжіңдерге түсіністікпен қарап, ажырасуға, зорлық-зомбылыққа дейін жеткізетін мәжбүрлікке бармауға кеңес береміз. Акция аясында осы мақсатта жұмыстар атқарып келеміз»,- деді Гулвира Тілеубергенқызы.

Қазақстан Республикасы заңдарымен кепілдік беретін әйелдердің конституциялық құқықтары және отбасында кездесіп тұратын әйелдер мен балалар мәселелерін реттейтін заңдылықтардың бұзылуына жол бермеу туралы түсіндіріліп, ақпараттық-насихаттау жұмыстары жүргізілді.