Төлебилік оқушылар cирек кездесетін дертті жеңген жас жазушымен кездесті                  

Төлеби ауданында сирек кездесетін дертті жеңген алматылық жазушы Жәмилә Бақтиярқызы мектеп оқушыларымен «Үміттің ақ гүлі бәйшешек» атты кездесу өткізді.
Қаламгердің «Бәйшешек» кітабы бүгінде жастар арасында өте танымал. Төлебилік оқушылар жас жазушымен сұхбаттасып, ерекше шығармашылығы, болашақтағы жоспарлары жайлы әңгіме өрбітті. Шарада көпке ой салу мақсатында спектакльдік қойылым қойылды. Ал мектеп басшылығы бұл басқосу оқушылар үшін рухани құндылығы мол маңызды кеш болғандығын атап өтті.
«Осыдан бір жарым жыл бұрын «Бәйшешек» атты шығармам жарыққа шыққан болатын. Осыған байланысты жастарды жігерлендіру мақсатында, өмірлеріне шабыт сыйлау үшін, бүгін, мінеки, үлкен іс-шарада бас қосып отырмыз. Мектеп ұжымына үлкен алғысымды айтамын. Бұл кездесудің балалар мен жастар үшін берері мол. Бәйшешек ерте көктемде қара топырақты ең бірінші болып жарып шығады да, мықтылығын көрсетеді. Қазіргі сынаққа толы заманда жарқын болашаққа деген әр адамның үміт шырағы сөнбесе екен», — деді қаламгер.
Жәмилә Бақтиярқызының «Бәйшешек» атты кітабы қалың оқырманның көңілінен шыққанын айта кеткеніміз жөн. Мұнда Жәмиланың басынан өткен қиындықтары мен сирек кездесетін ауруды қалай жеңгені жайында жазылған. Тіпті жазушының осы кітабы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатына ие болған екен. Мемлекет басшысының бұл марапаты жас жазушыға ерекше шабыт берсе керек. Жәмилә болашақта қазақ тіліндегі заманауи романтикалық кітаптардың авторы болғысы келетіндігін де жасырмады.
Мазмұнды кездесуде мектеп директоры Жадыра Құлтаева қаламгерге алғысын айтып, жүрекжарды лебізін жеткізді.
«Бүгін біздің мектебімізде Жәмила ханымның тағылымды әрі рухани іс-шарасы өтіп жатыр. Автордың өзінің кітабы жарыққа шыққалы бері біздің мектебіміздің оқушылары қызығып, оқып, білім көкжиегін кеңейтті», — деді мектеп директоры.
Еске сала кетсек, 21 жастағы алматылық Жәмилә Бақтиярқызы 10 жасынан бастап сирек кездесетін аутоиммундық миастения дертімен ауырған. Тіпті бойжеткеннің диагнозын екі жыл бойы бірнеше елдің дәрігерлері таппаған. 8 жыл осы дертпен күрескен Жәмила 20 жасында ауруын толықтай жеңіп шыққан. Қолына қалам ұстай алатындай жағдайға жеткен күннен бастап ол сирек кездесетін аурумен қалай күрескенін, өзіне рух берген жақындарының бастан өткерген қиыншылықтары туралы кітап жазған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі