Т.Рысқұлов ауданында ақын Сейсенбай Қожекенің шығармашылық кеші өтті

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдерін ұлықтау керек» деген еді. Осыған орай еліміздің әр аймағында елге еңбегі сіңген айтулы тұлғалардың мерейтойлары өткізіліп келеді. Соның бірі күні кеше белгілі журналист, жазушы, аудармашы, ақын, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Сейсенбай Шәмінұлы Қожекенің 70 жасқа толуына орай Құлан ауылында «Ақиқаттың қызыл шоғын ақ арымен көсеген» атты шығармашылық кеші өтті.

Игі шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында, аудан әкімі Садырқұлов Ерболат Салқынбекұлының тікелей атсалысуымен Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылып отыр.

Қазақтың қабырғалы қаламгері Әзілхан Нұрайықов «Журналистер төрт моторлы ұшаққа ұқсайды. Олар: әрі ақын, әрі тарихшы, әрі суретші, әрі ғалым. Осы төрт «мотор» жердегі жазушыны көкте самғатады» деген екен. Журналист Сейсен Қожеке поэзия мен прозаны қатар алып жүріп, тарихи тақырыптарда қалам ұштап келеді. Шығармашылық кештің шымылдығы Сейсенбай Шәмінұлының деректі әңгімесінің желісі бойынша құрылған,  аудандық Басқар Битанов атындағы халықтық театрының әртістерінің сомдауындағы «Ақ сарайда атылған оқ» атты қойылымымен ашылды. 

Ақынның шығармашылық кешіне өнерсүйер қауым көп жиналды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Сейсенбай Шәмінұлын 70 жылдық мерейтойымен құттықтау үшін кешке аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Абуталипов, Қазақстан Журналистер Одағының Жамбыл облыстық филиалының директоры Дәулет Төленді, Жаңатұрмыс ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер, «Сәмен батыр» ботпай қорының басшысы Иманқұлов Мұсахан, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ақпарат саласының үздігі Тұрсынхан Толқынбайұлы, «Ақ Жол» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің меңгерушісі, айтыскер ақын Есет Досалы, «Құлан Дән» ЖШС серіктестігі басқармасының директоры, ауданның Құрметті ардагері Рахманәлі Әбдіқадыров,  аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтан Жадраев және ақынның достарымен жақындары келіп ізгі ниет-тілектерін білдірді. Кеш барысында ақын өз өлеңдерін көпшілік қауымға ұсынды. Жиылған жұрт жүректі жарып шыққан жырларды ерекше ықыласпен тыңдады.

Сұхбат форматында өткен шығармашылық кеште ҚР Мәдениет қайраткері Мадина Сағымбекова «Ана», «Ағайын» әндерін, М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздар қауымының орындауындағы «Айкөл» әні, аудандық мәдениет үйінің әншісі Ерболат Құлышевтің орындауында Сейсенбай Қожекенің сөзіне,композитор Дүйсеналы Бықыбаевтың әніне жазылған «Киелі менің Құланым» және «Тағы да келді бір көктем» әндері шырқалды. Екі сағатқа жетпей өте шыққан әдемі кештің көрінісі көптің көңілінде қалды.

Мөлдір Тастанбек Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы