Т.Рысқұлов ауданында Қазақстан малшыларының слеті өтті

27 қазан күні ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына орай Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы «Шәушен» шаруашылығында Қазақстан малшыларының алғашқы республикалық слеті өтті.Т.Рысқұлов ауданында асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарлары мен ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі өтті. Көрмеге асыл тұқымды бұқалар, жылқылар, голштейн-фриз және швейцариялық сиырлар, сондай-ақ жаңа ауыл шаруашылығы техникалары ұсынылды.Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеев Ербол Шырақпайұлы, Жамбыл облысының әкімі Сапарбаев Бердібек Машбекұлы қатысты.Мал өсірумен айналысатын қожалықтарға заманауи озық технологияларды енгізіп, сапалы өнім өндіру сондай-ақ экспорт әлеуетін арттыру мақсатындағы слетке облыс еңбеккерлерімен қатар көрші облыстардың да шаруашылық иелері қатысты.Ауыл шаруашылығының әр саласында еңбек етіп жүрген бір топ шаруалар марапатталды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Шырақпайұлы және облыс әкімі Бердібек Машбекұлы үздіктерді құттықтап, сый-сияпатын көрсетті.Шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтарға баспана салу үшін «Шәушен» шаруа қожалығы тарапынан арнайы қаржы берілді. Т.Рысқұлов ауданы тумасы Дүйсенов Сейтбек Дүйсенұлы озат шопан атанса, Байдильдаев Олжас Жансерікұлы озат жылқышы атанып, 15 млн. теңгелік сертификат табысталды. Сонымен қатар, тағы бір жерлесіміз «Сұлтанби» ШҚ-ның басшысы Жаттаев Қажымұрат Ильясұлы «Үздік шопан» номинациясын жеңіп алды.Сондай-ақ, аграрлық саланың дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан бірқатар еңбек озаттары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды. Оның ішінде, ауданымыздағы «Тұрғын-тегі» ШҚ жетекшісі Таштанов Абілқайыр Тұрғынұлы бар.Мал өсірушілер слетіне арналған салтанатты жиында ұлттық дәстүр ұлықталып, қой қырқу мен қой көтеру, шекемтас, қазақ күресі мен қол күресі сияқты ұлттық ойындардан жарыстар және аудан еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырылып, өнімдер мен тауарлары қойылды.

Тұрар Рысқұлов ауданының әкімдігі