«Хабар 24»  телеарнасының тілшісі тәртіп сақшысы болды

«Хабар 24» телеарнасының тілшісі 1 күн бойы полиция қызметкерлерімен  бірге тәртіп сақшысы қызметін атқарды, деп хабарлайды ntime.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасауды одан әрі нығайту, сондай-ақ полицияның оң имиджін қалыптастыру мақсатында бірнеше жылдан бері «Погонды журналист» жобасын өткізуде. «Погонды журналист» жобасы бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілеріне полицейлердің рөлін сынап көруге және олардың қызметінің барлық қиындықтарын білуге бірегей мүмкіндік береді.

Аталған жобаның негізгі мақсаты – полицияның түрлі салалық құрылымын,  яғни жедел қызметкер, тергеуші, криминалист және учаскелік инспектор, сондай-ақ, патрульдік инспектор сынды қызметтерінің күнделікті жұмысын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялауға бағытталады. Сонымен қатар, мұнда журналистер полицияның бір күндік жұмысымен танысып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында полицияда өткен жұмыс күні туралы имидждік материалдар жариялайды.

Бұл жылы Түркістан облысының полицейлерімен еліміздегі маңдайалды телеарнаның майталман маманы Жұмабек Жандос Сәдірбекұлы әріптес болды. Ол полицейлердің, оның ішінде патрульдік полиция батальонының қызметімен танысты. Осылайша «Хабар 24» тілшісі, Түркістан облысы Полиция Департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаевтан тапсырма алып, бір күндік әріптесі полиция аға лейтенанты Нұрқанат Өтешовпен үлкен трасса бойына жол тартты. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде таң атқаннан, қас қарайғанша қызметте жүрді. Толық нұсқаны «Хабар 24» телеарнасында шыққан сюжеттен көре аласыздар.