Шымкентте 57 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады     

Жұмыссыздықты азайту мақсатында қолға алынып отырған мемлекеттік бағдарламалар Шымкентте өз нәтижесін беруде. Биыл қалада 57 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады.Бұл туралы бүгін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың қала әкіміне есеп беруінде айтылды.
Сондай-ақ қала әкімі М. Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін мегаполисте қажеттіліктерге қарай екі орталық ашылады. 50 адамдық Қарттар үйі мен 100-150 адамға лайықталған 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар азаматтарды оңалту орталығы пайдалануға беріледі.
Жастардың кәсіппен айналысуына да жол ашылады. Бизнес бастауға қолдау ретінде «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы микрокредиттер беріледі. Жалпы, қала бойынша биыл 261 адамға микрокредит беру жоспарланып, бұл мақсатқа 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген.
Әлеуметтегі салада атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген қала әкімі басқарма басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мұрат Дүйсенбекұлы ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы өмір сүру үшін тиісті шараларды атқарумен қатар балалар арасындағы мүгедекті азайту бойынша кешенді жоспарға нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ қала басшысы жергілікті халыққа қолайлы жағдай жасау үшін жаңадан құрылған Тұран ауданында жұмыспен қамту орталығын ашуды тапсырды.
Сонымен қатар басқарма басшысына қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен азаматтар арасында тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткішін арттыра отырып, қалада жұмыссыздықты төмендету қажеттігін жеткізді. Айта кетейік, былтырғы жылы 2392 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданып, оның 2300-і тұрақты жұмысқа орналасқан.