Шығармашылық ЖОО оқытушыларының еңбекақысы екі есе өсті

Жаңа оқу жылының қарсаңында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев еліміздің шығармашылық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу өткізді. Әңгіме барысында ол мәдениет және өнер саласындағы жоғары білім беру ұйымдарының оқытушыларына лауазымдық еңбекақыға коэффициентті екі есеге арттырғанын хабарлады. Еңбекке ақы төлеудің жаңа ережелері төрт шығармашылық жоғары оқу орнына қолданылады, олар: Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы; Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы; Қазақ ұлттық өнер университеті; Қазақ ұлттық хореография академиясы.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова, сондай-ақ шығармашылық жоғары оқу орындарының ректорлары енгізілген өзгерістер мен жаңа оқу жылына дайындық туралы айтып берді.

«Бүгінде министрлік мәдениет және өнер саласына қажет кадрларды даярлау бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Болашақ кадрларды даярлауды Қазақстанның еңбек сіңірген және халық әртістері, шығармашылық интеллигенцияның көрнекті өкілдері жүзеге асырады. Сонымен қатар, студенттер еліміздің үздік мәдениет ұйымдарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Оқу орындарының заманға сай интеграциялануының арқасында еліміздің мәдени ландшафтына бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандар қосылатынын сеніммен айта аламыз. Ал еңбекақыға қатысты айтсақ,  оқытушыларымызға лауазымдық еңбекақыға коэффициенттің 1.75 – тен 3.5-ке дейін артуын ескере отырып, қайта есептеу жүргізілетін болады», — деді Роза Кәрібжанова.

Мысалы, профессордың еңбекақысы 267 754 теңгеден 435 373 теңгеге дейін өсті, енді ЖОО доценті 243 451 теңге емес, 395 855 теңге алатын болады.

Роза Кәрібжанова Мәдениет министрлігіне қарасты барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылының басталуына дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева шығармашылық жоғары оқу орындары еліміздің қазіргі және болашақ мәдениетін дамыту үрдістерін қалыптастыратын ғылыми, шығармашылық және ағартушылық қызмет орталықтары ретінде жұмыс істейтінін хабарлады.

Сондай-ақ, баспасөз конференциясына Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев қатысты.

Жаңа оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға Министрлікке бағынысты білім беру ұйымдарына 2 365 білім гранты бөлінді. Бакалавриат үшін – 890 грант; магистратура үшін – 152 грант; докторантура үшін – 23 грант; жоғары оқу орындары жанындағы колледждерге – 200 грант; колледждерге – 300 грант. Сонымен қатар, халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің бакалавриатына 800 орын бөлінген.

ҚР МСМ баспасөз қызметі