І Халықаралық «Puppetland» қуыршақ театрлары фестивалі өз мәресіне жетті

Театрымыздың мерей тойына арналған І Халықаралық «Puppetland» қуыршақ театрлары фестивалі өз мәресіне жетіп жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттауға арналған салтанатты жабылу кеші өтті.

Фестивальдің жабылу кешінде Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысы м.у.а Керімбеков Алмас Ерғалиұлы театрдың негізін қалаушылар Құлданов Әскер Төребайұлы, Дәуренбаева Маяра Асанқызы, Байсопы Омархан Нәсірұлы, Ұлжалғас Тәшібек-қызын қала әкімдігінің Алғыс хатымен марапаттады.

Фестивальге қатысушы 13 шетелдік, 7 қазақстандық қуыршақ театрлары арасында өзара ынтымақтастықты дамыту, қуыршақ өнерінің жаңа үрдісін табу, театрлар арасында гастрольдік сапарлар, фестивальдер ұйымдастыру мақсатында меморандумға қол қойылып, салтанатты кеште театр директорларына ресми түрде табысталды.

І Халықаралық «Puppetland» қуыршақ театрлары фестивалінің қазылар алқасы төрайымы Ешмуратова Құралай Қалекетқызы — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, қазылар алқасының мүшесі Бақтыгереев Бейбіт Салауатұлы — «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», театр танушы, Өзбекстандық танымал режиссер Ахунов Хотам Хамдамович сынды қазы мүшелерінің шешімімен фестиваль қатысушыларына төмендегідей номинациялар берілді.

«Ең үздік қуыршақ жүргізуші» — Гонконг Чунг Фай

«Ең үздік балалар қойылымы» — Маңғыстау облыстық қуыршақ театры

Айта кетейік фестивальде Армения, Польша, Гонконг, Израиль, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Перу, Түркия, Ресей, Чехия, Эстония, Тәжікстаннан және еліміздің бірқатар өңірлерінен келген өнер ұжымдары бес күн бойы өнер көрсетіп, қала тұрғындарына өз қойылымдарын ұсынды. Айтулы шара Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының 40 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.