Қазақстандық спортшылар алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында алтын медаль жеңіп алды. «Скит» жаттығуының финалында қазақстандықтар Кувейттен келген қарсыластарынан озық болды. Қорытынды есеп –40:35.

Бұл Азиададағы еліміздің ұлттық құрамасы үшін үшінші алтын медаль. Естеріңізге сала кетейік, кеше Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панаринадан жасақталған Қазақстанның әйелдер командасы «скит» жаттығуында алтын медаль жеңіп алып, Азия ойындарының рекордын орнатты. Ал жекелей сында Әсем Орынбай қола жүлдеге ие болды.

Азия ойындарында стенд атудан жеңімпаз атанып, Азиада рекордын орнатқан Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панаринаны ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев құттықтады.

«Қазақстанның үлкен олимпиадалық отбасының атынан Сіздерді Азия ойындарындағы алтын жүлдемен құттықтаймын. Асқан шеберлік пен жеңіске деген жігердің арқасында мықты қарсыластарды артқа тастап, алтын медальға қоса Азияда рекордын орнаттыңыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз қалған спортшыларымызға шабыт береді.

Бұл бәрімізге ортақ жеңіс. Бұл орайда бапкерлер құрамы, федерация мен еліміздің туризм және спорт министрлігі бігіріп үлкен жұмыс атқарды.

Сіздер Қазақстан халқына керемет сыйлық жасадыңыздар. Зор денсаулық пен жаңа жеңістер тілеймін» — деді.

Сонымен қатар 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында 18 жастағы Зухара Ирназарова чемпион атанды. Біздің отандасымыз 560 ұпай жинап, Солтүстік Кореядан келген екі мергеннен озып кетті.

Бұл Азиададағы еліміздің ұлттық құрамасы үшін екінші алтын медаль.

«Керемет нәтиже! Зухраны кез-келген спортшы үшін маңызды жеңісімен құттықтаймын! Бұл ол үшін соңғы жетістік емес екеніне сенімдімін», — деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.