Қазақстандық стартап Өзбекстанда инсультпен күресуге атсалысады

Қазақстандық Cerebra Өзбекстандағы екі ауруханамен пилоттық режимде бірлесе жұмыс істеу жайлы келісімге келді. Бұл туралы компания әлеуметтік желідегі жеке парақшасында мәлімдеді.

Алматылық Cerebra компаниясы 2018 жылдан бері жасанды интеллект саласында технологияларды әзірлеуде. Бұл инсультті 10 минут ішінде автоматты түрде анықтауға көмектесетін нейрородиологиядағы дәрігерлердің көмекшісі болып үлгерді.

Қазіргі уақытта компания ұсынатын бағдарлама Қазақстандағы 18 инсульттік орталықта қосылған және нәтижесін көрсетуде.

Жоба жетекшісі Досжан Жүсіпов алыс-жақын бірнеше шет мемлекеттерінен Cerebra жобасына сұраныс түскенін хабарлады.

«Қазіргі уақытта компаниямыз шет елдердегі нарыққа шығуды көздеп отыр. Келісімдеріміз де бар. Біздің жоба әлі де стартап болғандықтан инвесторларға жобамыздың сәтті жұмыс істеп жатқанын көрсету маңызды. Өзбекстан бізбен бірге ресми түрде жұмысты бастайтын алғашқы ел болып отыр», — деп бөлісті Досжан Жүсіпов.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Cerebra компаниясы Medtronic конкурсында әлемнің үздік MedTech жобаларының ондығына кіріп, Ernst & Young нұсқасы бойынша, үздік инновациялық стартап атанды.

Astana Hub баспасөз қызметі, PR және маркетинг бөлімінің аға менеджері Алтынгүл Жанабай