Қазақстан – Қытай шекарасындағы ахуалға байланысты көшпелі жедел кеңес өтті

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 23 сәуірде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Берік Камалиевтің төрағалығымен уәкілетті мемлекеттік органдардың, Алматы облысы әкімдігінің, «Атамекен» Ұлттық палатасының, бизнес және қоғам өкілдерінің қатысуымен «Еуротранзит» УСҚ аумағына көлік құралдарының өту және «Нұр жолы» кеден бекеті арқылы ҚХР аумағына кіру тәртібін реттеу мәселелері бойынша көшпелі жедел кеңес өткізілді деп хабарлайды ҚР ИИДМ Баспасөз орталығы.

Кеңес қорытындысы бойынша «Евротранзит» ЖШС мен «Halyk BSK Logistica» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды («Нұр жолы» өткізу пунктіне жақын кезекте орналасқан жүк АКҚ жүргізушілерінің мүдделерін білдіреді).

Меморандум шеңберінде бастамашыл топ «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағына «Нұр жолы» өткізу пунктіне дейін жолда тұрған барлық көлік құралдарын көшіруді ұйымдастырады және жедел штабтың келісімі бойынша УСҚ-ға жүктерді тиеу үшін АКҚ кезегі қалыптастырылады, сондай-ақ «Евротранзит» ЖШС-нің өтінімі бойынша ҚХР аумағына кіру үшін жүк автокөлік құралдары ұсынылатын болады.

Бұдан басқа, уәкілетті органдар қазақстандық АКҚ-ның ҚХР аумағына өту тәртібін оңайлату және қазақстан-қытай шекарасындағы уақытша жабық өткізу пункттерінің қызметін жаңарту бойынша ҚХР-мен келіссөздер процесін жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның көлік қызметкерлері Одағымен бірлесіп, Қазақстан-Қытай шекарасындағы ағымдағы жағдай бойынша тасымалдаушылармен түсіндіру жұмыстарын жалғастыратын болады.