“Қауіпсіз жол”: Жамбылда 3 мыңнан астам ЖҚЕ бұзу фактілері анықталды

Жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ Жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында ағымдағы жылғы 17 мамыр мен 16 маусым аралығында облыс аумағында “Қауіпсіз жол” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында облыс жолдарында, әсіресе түнгі уақытта патрульдік полиция жасақтарының тығыздығы артты деп хабарлайды Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған іс-шаралар шеңберінде бес күннің ішінде полиция қызметкерлері Жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты 3 447 әкімшілік бұзушылықты анықтап, жолын кесті, оның ішінде – 327 өрескел бұзу дерегі, оның 37-і қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жасалған.

– Мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік құралын басқарудың 119 дерегі анықталды, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамастан жүргені үшін 75 жүргізуші, жаяу жүргіншілерге немесе жол жүрісінің өзге де қатысушыларына қозғалыс кезінде басымдық бермегені үшін 54 жүргізуші және апаттық жағдай туғызуға әкеп соққан Жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін 34 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін 22 жүргізуші ұсталды, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарудың 14 дерегі анықталды, көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзудың бес дерегі және көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бар көлік құралын басқарудың бір дерегі анықталды, – деді Жамбыл облыстық ПД ЖПҚБ бастығы Рахымберді Әшкеев. Естеріңізге сала кетсек, жыл басынан бері облыста 344 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 40 адам қаза тауып, 489 азамат түрлі дәрежедегі жарақат алды.