Қоршаған ортаны таза ұстау — баршамыздың міндетіміз

Күн санап қаламыздың көркі артып келеді. Көшелерде отырғызылған гүлдер мен жасыл ағаштар көз жауын алады. Қаламыздың көркеюі мен тазалығы біз үшін үлкен мәртебе. Қала тазалығына бір кісідей атсалысу  барша тұрғындардың басты міндеті болып саналады. Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен бүгін жалпықалалық сенбілік күні өткізілді. Күз мезгілінің алғашқы сенбісінде өткен тазалық шарасына мемлекеттік қызметкерлер, мектеп пен өзге де мекемелердің қызметкерлері, кәсіпкерлік нысандарының иелері мен тұрғындар белсенді түрде қатысты. Сенбілік барысында әр аудан аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандар аумағы, гүлзарлар мен саябақтар, көп қабатты тұрғын үй аулалары және көше бойындағы арықтарды тазалау жұмыстары атқарылды.

Атап айтар болсақ, «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен — 130, ал, аудан әкімі аппаратынан — 70 қызметкер және 500-ге жуық тұрғын мен кәсіпкерлер тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, тазалық жұмыстарына 12 арнайы техника жұмылдырылды.

Сенбілік барысында аудандағы табиғат жанашырлары орналасқан кәсіпкерлік нысандарының аумағын, гүлзарлар мен саябақтарды, қоғамдық орындарды, көп қабатты үйлер аулалары және көше бойындағы арық-атыздарды қоқыстан тазартты.

Сондай-ақ, Тұран ауданының өзінде қаланың, қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын 3 мыңнан астам азамат сенбілікке қатысып, айналаны күл-қоқыстан тазартты.

Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша, Тұран ауданының аумағында өткен сенбілікке 10 арнайы техника, атап айтқанда, 6 қоқыс таситын жүк көлігі, 2 қоқыс салғыш трактор мен 2 автокран тартылған.

Сенбілікке қатысушылар айналаны қоқыстан тазартумен шектелмей, ағаштардың қураған бұталарын кесіп, ретке келтірді.

Ұйымдастырылған сенбілік жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

Тазалық – денсаулық кепілі. Таза ауада демалғыңыз келсе тазалықты өз үйіңізден бастаңыз.