Қытайда  Шымкенттің туристік әлеуеті таныстырылды

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Туризмді дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында Жаңа экономикалық серпіліс жасауда «Еліміздің турис­тік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыс­тырғанда артта қалып келеді — деп өзекті мәселені көтерді.

Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында елімізде ұлттық туристік  компаниялар құрылды. Бұл компаниялардың негізгі міндеті – еліміздің туристік әлеуетін шетелде насихаттау және  осы салаға инвестиция тарту.

Шымкент қаласының туристік ағынын арттыру және туристік өнімді жарнамалау мақсатында Пекин қаласында туристік бизнес өкілдеріне ақпараттық «Road Show» ұйымдастырылды.

Роуд-шоуға түрлі туристік және әуе компаниялардың 40-тан астам өкілі қатысты.

Қатысушыларға Шымкенттің көрікті жерлерінің табиғи пейзаждары мен бейнероликтер көрсетіліп, ұлттық тағамдардың гастрономиялық дәмін тату және «Шымкент шайы» ұсынылды.

Жақында Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енген болатын. Бұл екі ел азаматтары үшін жеке істер, туризм, ем қабылдау, халықаралық тасымалдар, транзиттік және іскерлік мақсаттар бойынша шекара асатын жағдайда визалық талаптардан босатылып, туристік қатынастарда үлкен потенциал бермек.

Бүгінде 6 айлық статистикалық есептік көрсеткіш бойынша Шымкентке 215 098 турист келген. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 400 мыңнан асыру жоспарлануда. Соның ішінде сырттан келуші турист санын арттыруға аса мән беріліп отыр.

Айта кетейік, іс-сапар барысында туризм саласы өкілдерімен екіжақты ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.