Ұлттық валюта банкноталарының жаңа сериясы таныстырылды

2023 жылғы 15 қарашада Қазақстан ұлттық валютасының айналымға енгізілуінің 30 жылдығына орай номиналы 10 000 теңге болатын мерейтойлық банкнот айналымға шықты.

Банкнотада 19 қорғаныш элементі бар. Монета бейнеленген дизайнда негізгі голографиялық элемент – теңгенің «₸» белгісі қолданылған. Банкнотаның екі жағында да шексіз қозғалыстың символы – «Мёбиус лентасы» бар.

Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноталар осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады.

Банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады.

Айта кетейік, жаңа дизайндағы банкноталар шығарылғаннан кейін алдыңғы үлгідегі банкноталар айналымнан біртіндеп алына бастайды. Сондай-ақ, ескі және жаңа үлгідегі банкноталардың 1 жыл айналымда қатар жүру кезеңі бар. Ұлттық Банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды мерзімсіз қабылдай береді.